Бүгін, 14 тамызда Зеренді аудандық соты (Ақмола облысы) белсенді Айдар Сыздықовтың рақымшылық заңын қолдана отырып, жаза мерзімді қысқарту туралы өтінішін қанағаттандырды. Оның әйелі Айгүл Тоқпаеваның сөзіне сүйенген “БелсенділерЭкстремистЕмес” телеграм-арнасы осылай деп хабарлады. Осылайша белсендінің жаза мерзімі 1/3-ге қысқартылған.
“Рақымшылық туралы заңның 3-бап 3-бөлігі 1-тармағына сәйкес ауыр баптар қысқартылады. Осыған орай Айдардың өтелмеген жазасы 1 жыл 2 ай 17 күнге қысқартылды. Осылайша онда 2 жыл 5 ай мерзім қалды. Бұл оған жазаны жұмсарту және мерзімнен ерте босау туралы өтініш беруге мүмкіндік береді” деп жазды телеграм-арна.
Айдар Сыздықовтың әйелі Айгүл Тоқпаева бейсенбі күні Азаттыққа сот шешімі күнтізбелік 15 күн ішінде күшіне енетінін, қыркүйек басында жазаны жұмсарту туралы өтініш түсіретіндерін жеткізді.
"Бірақ ол жерде бір мәселе бар: мекеме оның қимыл-әрекетін -1 ге дейін төмен бағалауына байланысты оның өтінішінің орындалу мүмкіндігі азайып жатыр. 14 рапорт деп көрсеткен. Біз ол рапорттарға қатысты сотқа шағым түсіреміз. Айдардың өзі шағым түсіреді. Оған мекемеде осы рапорттарды бұйрық бойынша жазуға мәжбүр екендерін ашық айтады. Қазір барынша әрбір шағымды тіркеуге тырысып жатырмыз" деді ол.
Оның сөзінше, Айдар Сыздықовтың шағымы түрме қабырғасынан шығарылмайды. Әйелі оны түрмеде арандатуға тырысқандарын да айтты. Бұған дейін Сыздықовтың "шағымдары қаралмай жатқандығы және туыстарымен қысқамерзімді кездесуге тыйым салынғанын" "БелсенділерЭкстремистЕмес" тобы да жазған. Телеграм-арнаның жазуынша, бірақ жергілікті прокурор Бауыржан Алмағамбетов "заңсыздық барын жоққа шығарған".
14 тамызда Азаттық тілшісі Гранитный түрмесіне хабарласып көрді. Бірақ ресми құжаттарда телефоны деп көрсетілген нөмір мүлде істемей тұрды. Бейсенбі күні кешке Ақмола облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің баспасөз хатшысы Ирина Горноваға да сауал жолдады. Әзірге жауап түскен жоқ.
Бұған дейін құқық қорғаушылар рақымшылық туралы заңды сараптап, елдегі 30 саяси тұтқынның тек екеуі ғана ілінуі мүмкін екенін айтқан еді: Мәлік Ахметқалиев және Айдар Сыздықов. Шілдеде көкшетаулық белсенді Мәлік Ахметқалиев рақымшылық заңымен босап шыққан.
“Есірткі сақтады” деп айыпталған астаналық белсенді Айдар Сыздықов былтыр күзде бес жыл түрмеге жіберілген. Билікті сынап жүрген Ахметқалиев пен Сыздықовтың ісін сараптаған құқық қорғаушылар оларды “саяси тұтқындар” тізіміне қосқан. Ресми Астана елде саяси қудалау барын мойындамайды.