Трамп Путин Украина бойынша келісімге келеді деп санайды

Дональд Трамп

Жұма, 15 тамызда Аляскада Ресей басшысы Владимир Путинмен кездесуді жоспарлап отырған АҚШ президенті Дональд Трамп Путин ақыры Украина бойынша келісімге келеді деп санайды.

"Ресей билігінің кездесуге ынта білдіруіне Мәскеуге қарсы санкцияны күшейту қаупі ықпал еткен болуы мүмкін" деді Трамп бейсенбі күні Fox News radio берген сұхбатында.

Трамптың сөзінше, егер ол жұма күнгі кездесуге көңілі толса, ізінше Украина президенті Владимир Зеленский мен Еуропа басшыларына қоңырау шалмақ. Ол Путинмен келіссөздің сәтсіз өту ықтималдығын 25% бағалады.

Ақ үйде журналистердің сұрақтарына жауап берген Дональд Трамп бейбітшілікке қол жеткізу үшін кемінде екі кездесу қажеттігін атап өтіп, оған Владимир Зеленский де қатысуы керек болады деді.

"Екіншісі бұдан да маңыздырақ болмақ. Путин және президент Зеленскиймен кездесуді жоспарлап отырмыз, бәлкім Еуропаның кейбір басшылары қатысатын шығар. Қатыспауы да мүмкін. Білмеймін" деді Трамп.

Америка президентінің сөзінше, Путин және Зеленскиймен кездесу өтуі мүмкін үш орынды қарастырып қойғанын да айтты.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио бейсенбі күні журналистерге Украинадағы атысты тоқтатуға қол жеткізу үшін Дональд Трамп жұма күні Владимир Путинмен келіссөз жүргізеді деп мәлімдеді, бірақ соғысты толық тоқтату үшін көбірек уақыт керек деді.

"Бейбітшілікке қол жеткізу үшін менің ойымша, қауіпсіздікке кепілдік мәселесін, жер дауы мен шағымдарды талқылау керек болады" деді Марко Рубио.

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бейсенбі күні асығыстық танытып, алдын ала болжам жасауға тырысу қателік болатынын атап өтті. Аляскада Ресей-Америка саммитінің соңында қандай да бір құжаттарға қол қою жоспарланбаған. Оның сөзінше, қазір мәселе саммит аясында бейбітшілік бастамасын талқылау жөнінде сөз болып отыр.

Кейінгі мәлімет бойынша, Украина президенті Владимир Зеленский Аляскадағы АҚШ-Ресей басшыларының кездесуіне қатыспайды. Бұған дейін Зеленский Украина "біреуге қандай да бір аумағын бермейді", Украина әскері Донбастан кетпейді деп мәлімдеген. Киев Ресеймен қандай да бір келісім жасасқан жағдайда қауіпсіздікке кепілдікті талап етіп отыр. Ондай кепілдіктің арасында Еуроодақ пен НАТО-ға мүшелік те бар.