ЖАҢАЛЫҚТАР
Айсұлтан Назарбаев "отбасынан қысым көргенін, Британиядан саяси баспана сұрайтынын" жазды

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені, сенат спикері Дариға Назарбаеваның ұлы Айсұлтан Назарбаев Facebook желісінде пост жариялап, Ұлыбританиядан саяси баспана сұрады.
Пост авторы отбасының тарапынан қысым болғанын, Ресейдегі түрмеде отырып шыққанын, осы қиындықтардан құтылу үшін есірткі шеккенін жазды. Ол жазбасында «қазір төлқұжатын шешесінің көлік жүргізушісі тартып алғанын, полиция құжатын қайтаруға көмектесер деп үміттенетінін» жеткізді.
Бұл жазбаны Айсұлтан Назарбаевтың нақты өзі жазғанын тексеру мүмкін болмады. Азаттық тілшісі оған бірнеше рет хабарласқанымен, нәтиже шықпады. Бірақ осыған дейін қазақстандық ақпарат құралдары пост жарияланған Aisultan Rakhat деген Facebook парақшасына хабарласып, Айсұлтан Назарбаевпен видео арқылы сөйлескенін айтқан.
Оқи отырыңыз: Айсұлтан Назарбаев өміріне қауіп төнгенін айтады. Жақындары үнсіз.
Желідегі жазбада ол Қазақстан мен Ресей билігін жемқорлыққа айыптайды. Айсұлтанның жазуынша, «Қазақстанның газы Ресейдің «Газпром» концерніне делдал компания арқылы арзан бағамен сатылып жатыр. Делдал компания жыл сайын бір жарым миллион доллар пайда табады және бұл қаржы Сингапурге шығарылады».
Желідегі поста «делдал компания 700 млн долларды Қазақстанға беретіні, оны Қазақстанның экс-президенті Назарбаевтың екінші қызының күйеуі Тимур Құлыбаев пен бизнесмен Қайрат Боранбаев (Айсұлтанның бұрынғы қайын атасы) бөлісетіні» жазылған. Айсұлтан Назарбаевтың жазуынша, «шешесі Дариға Назарбаев мен оның қазіргі күйеуі Қайрат Шәріпбаев бұл келісімшартты өзіне алмақ болып таласқан, нәтижесінде ол екі тарап жанжалының құрбанына айналған».
Айсұлтан постында 2015 жылы Ұлыбританияда атасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескенін жазды. Ол «шешем Нұрсұлтан Назарбаевты маған қарсы қойды» деді. Жазбада Айсұлтан Нұрсұлтан «Нұрсұлтан Назарбаев және оның отбасы басқалардың бизнесін тартып алып жатыр» деп айыптады.
Айсұлтан Назарбаев «шешесі жемқорлық туралы жаздырмас үшін өзіне қарсы компромат іздеп, қысым жасағанын» жазды.
«Шешем мені іздеп жүрді. Іштегі дертімді есірткімен тұншықтырып жүргенде Лондонда тауып алды. Олар күзет жіберіп, Қазақстанға әкетіп, кейін Ресейге қамамақ болды» деп жазылған поста.
Айсұлтанның сөзінше, ол шешесінен қашып жүріп, Лондондағы біреудің пәтеріне рұқсатсыз кірген. Ол британ полициясы өзін Лондондағы пәтерде ұстап, «Уандсворт» (Wandsworth) түрмесіне апарып жапқанын, қамауда отырғанда Дариға Назарбаева мен жүргізушісі бірнеше рет келгенін жазды.
Азаттық Ұлыбританияның ең ірі түрмелерінің бірі саналатын «Уандсвортке» хабарласып, Айсұлтан Назарбаевтың өздерінде болған-болмағаны мен оған кімнің келіп-кеткенін сұраған. Бірақ түрменің баспасөз қызметі «Қамауда болған азаматтардың жеке бас деректерін айта алмаймыз» деп жауап берді.
Азаттық тілшісі Айсұлтан Назарбаевтың Ұлыбританиядан саяси баспана сұрағаны жайлы Қазақстан сыртқы істер министрлігіне хабарласты. Министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияров «Өзге елден баспана сұраған азамат тікелей сол елге шығып, құжаттарын тапсырады. Мемлекет азаматтың өтінішін қабылдаса, Қазақстанға ескерту келеді. Сол кезде Қазақстан азаматтығынан шығарылады» деді.
Азаттық тілшісі Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Майк Гиффордке хабарласып «Айсұлтан Назарбаевтан саяси баспана сұраған өтініш келіп түсті ме?» деп сұрады. Гиффорд «Қандай да бір жеке істерге қатысты комментарий бере алмаймын. Лондондағы бас кеңсеге хабарласыңыз» деді. Азаттық Ұлыбританиядағы бас кеңсеге бірнеше рет хабарласқанымен, байланысу мүмкін болмады.
Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның қызы, Сенат спикері Дариға Назарбаева 13 ақпанда жарияланған жазбаға қатысты қандай да бір пікір білдірген жоқ.
23 қаңтарда да Айсұлтан Назарбаев қазақстандық журналистерге берген шағын сұхбаттарында шешесі тарапынан өміріне қауіп төніп тұрғанын айтқан. Сол кезде Азаттық тілшісі Дариға Назарбаевадан Айсұлтанның айтқанына қатысты пікір алмақ болған. Бірақ Назарбаеваның күзетшілері Азаттық тілшісінің аузын жауып, кедергі келтірген.
Былтыр қазанда Лондон соты Айсұлтанды полицияға шабуыл жасағаны үшін шартты жазаға кесіп, «18 ай сынақта болып, 140 сағат қоғамдық жұмысқа жегіледі және мәжбүрлі түрде есірткіге тәуелділіктен емделеді, бір мың фунт айыппұл (1300 доллар) мен бес мың фунт (шамамен 6500 доллар) шығынды төлеуі тиіс» деп шешім шығарған.
Іс материалдарына сай, Covent Garden аймағындағы басқа біреудің пәтердің балконына шығып алған белгісіз ер адамды көрген тұрғындардың бірі полиция шақырған. Полиция келгенде ер адам «есірткі әсерімен полицияға қарсылық көрсеткен, қол жұмсап, тістеген». ВВС сайты Айсұлтан электрошокерді сындырып тастағанын, полицияның қолын жарақаттағанын жазды.
Бұл сотқа қатысты да Назарбаев әулеті ешқандай пікір білдірмеген.
Айсұлтан Назарбаев – Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиевтің (дипломатиялық қызметтерде істеген. 2007 жылы қуғанға ұшырап, 2015 жылы ақпанда Вена түрмесінде өлі күйінде табылды. Ресми тергеу ол суицид жасаған деген шешімге келген. Ал Әлиевтің екінші әйелі Эльнара Шоразованың адвокаттары германиялық эксперттерге сілтеп, Әлиевті өлтіріп кетті деген) екінші ұлы.
Назарбаева мен Әлиевтің тағы Нұрәлі Әлиев (2014-16 жылдары Қазақстан астанасы әкімінің орынбасары болған) және Венера Назарбаева есімді балалары бар.
Басқа да жаңалықтар
АҚШ Аляскадағы саммиттен кейін Зеленский және Путинмен үшжақты кездесуді ұйымдастырмақшы

АҚШ президенті Дональд Трамп Аляскада Ресей басшысы Владимир Путинмен кездесуден кейін бірден Украина президенті Зеленский де қатысатын үшжақты кездесу өткізгісі келетінін, "егер ола қаласа, оған өзі де қатысатынын" айтты.
Дональд Трамп егер Ресей Украинадағы соғысты тоқтатуға келіспесе, “салдары өте күрделі” болады деп ескертті.
Оның айтуынша, Путинмен кездесу “қазір қай жерде тұрғанымызды” және “не істеп жатқанымызды” анықтау үшін керек. АҚШ президенті сонымен бірге Путиннен “тиісті жауаптар” алынбаса, ендігәрі мұндай кездесу өтпейтінін де жеткізді.
Бұған дейін Ақ үйдегі дереккөздерге сүйенген CBS News үшжақты кездесуге дайындық та басталып қойғанын хабарлаған. Ақпарат құралы Трамп үшжақты келіссөз жөнінде алғаш рет 11 тамызда айта бастағанын да еске салды.
Сәрсенбі күні Украина президенті Владимир Зеленский және Еуропа басшыларымен сәрсенбі күнгі талқылауға тоқталған Трамп “өте жақсы кездесу” болғанын айтты.
АҚШ-Ресей саммиті 15 тамызда Аляскадағы Анкоридж әскери базасында өтпек.
Сатиралық жаңалықтар тарататын Qaznews24 жұмысын тоқтатады

Сатиралық жаңалықтар тарататын Qaznews24 жұмысын тоқтатады.
“Редакция мүшелерінің туыстарына құқық қорғау органдарының қысым көрсетіп, жаңа тергеу-тексеру жүргізулеріне байланысты агенттікті жабу туралы шешім қабылдадық. Қазіргі жағдайда жұмысымызды жалғастыра алмаймыз және осылайша Конституциямен кепілдік берілген сөз және шығармашылық еркіндігі құқығымызды пайдалана алмай отырмыз” деп жазылған Qaznews24 паблигінің хабарламасында.
“Бар болғаны – елімізде саяси сатираға орын бар екенін көрсеткіміз келген. Алайда ол Жаңа Қазақстанда мүмкін емес екен...Qaznews24 Қазақстандағы сөз бостандығының соңғы діңгектерінің бірі еді, өкінішке қарай, жұмысымызды тоқтатамыз” деп жазылған хабарламада.
Qaznews24 сатиралық паблигі 2021 жылдың сәуір айында құрылған. Онда қоғамдық-саяси оқиғаларға қатысты сатиралық жаңалықтар жарияланып келген.
Биыл сәуірде Алматы соты пабликтің бұрынғы авторы Темірлан Еңсебектің бостандығын бес жылға шектеп, қоғамдық-саяси қызметпен де айналысуға тыйым салған. Сот оны “араздық қоздыру” бабы бойынша кінәлі деп таныған.
Айыптау тарабының айтуынша, Темірлан Еңсебек "адамзаттың бейбітшілігі мен қауіпсіздігіне қатер төндіретін ауыр қылмысты қасақана жасаған". Прокурордың сөзінше, Темірлан Еңсебек Qaznews24 паблигінің әкімшісі бола отырып, 2024 жылғы қаңтарда өзі жүргізетін пабликте "орыс азаматтарының ар-намысын қорлайтын" трек жариялаған. Еңсебек "Йоу, орыстар" деген бейәдеп сөздерден тұратын әнді ресейлік тележүргізуші Тина Канделаки туралы постына қосқан.
Ал Темірлан Еңсебек өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарған. Ол үкімді “тым қатаң” деп бағалаған. Ол сот кезінде жазбасы орыс этносына қарсы бағытталмағанын, даулы "Йоу, орыстар" әні Ресейдің Украинаға басқыншылығына қарсылық ретінде соғыстан кейін танымал болып кеткенін айтты. "Менің жақсы көретін қызым мен достарым – орыстар, оларды қалай жек көруім мүмкін?" деді ол. Апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды.
Қытай билігі Әлімнұр Тұрғанбайды ұстағанын растады

Шілде соңында Қытайға барып, жоғалған Әлімнұр Тұрғанбайдың ұсталғанын Қытай билігі растады.
Қытай жағы Қазақстан билігіне жолдаған жауабында Әлімнұр Тұрғанбайдың әлі де Қытай азаматы екенін, Қытайда қос азаматтық танылмайтындығын атап өткен. Жуырда Қазақстанның Қытайдағы консулдығынан жауап алған Әлімнұр Тұрғанбайдың әйелі Гүлдәрия Шеризат Азаттыққа консулдықтың берген жауабын көрсетті.
"Қытайлық тараппен өткізілген тиісті келіссөздің нәтижелері бойынша 2025 жылдың 11 тамызында Қытай қоғамдық қауіпсіздік министрлігі халықаралық ынтымақтастық басқармасы Қытайдың “Азаматтық туралы” заңының ережелеріне сәйкес, Әлімнұр Тұрғанбай Қытай азаматтығынан шығуға рұқсат алмағанын және Қытай азаматтығынан автоматты түрде айырылу шарттарына сәйкес келмейтінін хабарлады. Осыған байланысты ол әлі күнге дейін ҚХР азаматы мәртебесін сақтап отырғанын жеткізіп, Қытайда қос азаматтық танылмайтындығын атап өткенін жеткіземіз” деп жазылған консулдық жауабында.
Жақындарының сөзінше, Қытай билігі бұған дейін Әлімнұр Тұрғанбайдың Қытайдағы тіркеуі жойылғаны жөнінде құжат (напос – ред.) берген, бірақ оны олар кешігіп алған. Олар Азаттыққа сол құжатты да жіберді, онда оның тұрғылықты жерінен шығару себебі "шетелге тұрақтап қалу" деп көрсетілген, құжат қытай тілінде жазылған.
Әйелі Гүлдәрия Шеризаттың айтуынша, 2017 жылы “бүкіл отбасы болып, Қазақстан азаматтығын алған”. 2018 жылы "напос өшті" (қытайша тұрақты тіркеуді жою – ред.) деген қағаз "шыққан". Қытай заңы бойынша, олар қағазды Қытайға барып алуы керек екен, бірақ жағдайларға байланысты оны 2023 жылы ғана алған.
Тіркелмеген "Нағыз Атажұрт" қоғамдық ұйымының жетекшісі Бекзат Мақсұтханның Азаттыққа айтуынша, Қытай заңында кез келген Қытай азаматы өзге елдің азаматтығын алғанда автоматты түрде азаматтықтан шығады.
“Бірақ Қытай әлдеқандай ереже шығарып, мысалы төлқұжатты қию деген тәрізді қосымша ереже шығарып алмаса. Негізі автоматты түрде шығу керек, бұл әрекеті өз заңына қайшы” дейді.
Ал Гүлдәрия Шеризат Қазақстан билігінен күйеуін қайтаруға көмектесуін сұрап 13 тамызда да пикет өткізген. Айтуынша, полиция оны кешке дейін ұстап, жіберген. “Айыппұл саламыз деді. Интернетіміз ұстамай бүгін сағат 9-да кел деп жіберді. Біз оны босатуды әлі де талап етеміз. Оны босатпайынша. Аяғымыз, үніміз жеткен жерге дейін айқайлаймыз” деді ол.
Қытайда туып, Қазақстанға көшіп келіп, азаматтық алған Әлімнұр Тұрғанбай 23 шілде күні жұмыс бабымен Шыңжаңға кеткелі бері одан хабар-ошар жоқ. Қасында болған адамдар әйеліне "Қытай шекарасынан оны полиция ұстап әкетті" деп айтқан еді.
Қазақстан билігі де қос азаматтыққа тыйым салған. "Қандай да бір азаматқа Қазақстан азаматтығы берілетін кезде оның өзге ел азаматы екені-еместігі тексеріле ме?" деген сұраққа жауапты Азаттық Қазақстанның құзырлы органдарына қойып жатыр. Әзірге жауап алмады.
Қорғаныс министрлігі Польшада "тыңшылық" күдігімен қазақстандық әскери дипломат ұсталғанын растады

Қазақстан қорғаныс министрлігі Польшада қазақстандық әскери дипломат ұсталғанын растады
“Қазіргі уақытта бұл жағдайды шешу үшін шетелдік тараппен өзара іс-қимыл жасалып жатыр. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы азаматының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бойынша қажетті шаралар қабылданды” деп жазылған ведомство хабарламасында.
Бұған дейін ҚазТАГ Польшада "тыңшылық жасады" деген күдікпен қазақстандық әскери атташенің көмекшісі ұсталғанын жазған.
Дереккөзге сүйенген Elmedia-ның жазуынша, күдіктінің аты-жөні Әнуар Б. Қазақстанның Украинадағы елшілігінің қызметкері шілде соңында ұсталған. Оның Украина аумағында ғана дипломатиялық иммунитеті болған.
Тамыз басында Польша премьер-министрі Дональд Туск "Польша мен оның одақтастарына қарсы тыңшылық жасады" деген күдікпен ер адам ұсталғанын мәлімдеген. Польшаның арнайы қызметіндегі дереккөзге сүйенген ақпарат құралдарының хабарлауынша, күдікті “шетелдік әскери барлау қызметінің өкілі”.
Бұған дейін Польшаның ішкі істер министрі болған Томаш Семоняк күдікті “Азиядағы бұрынғы советтік республикасының азаматы” деп мәлімдеген. Бірақ нақты қай ел екенін айтпаған.
Семоняктың айтуынша, күдікті “Польша мен оған одақтас әскери құрылымдарына қатер төндіру мақсатында тыңшылықпен айналысқан”. Польша прокуратурасының мәліметінше, күдікті биыл 15 наурыз бен 30 шілде аралығында Варшава мен Польшаның солтүстігіндегі Быдгощ қаласында “тыңшылықпен айналысқан”. Күдікті өзіне тағылған айыптарды мойындамаған.
Польша билігі айтқан күдіктінің Қазақстанға қатысы бар-жоғы әзірге ресми түрде расталмады.
Тәжікстан президентінің кіші қызы министрліктің басқарма жетекшісі болып тағайындалды

Тәжікстан президентінің кіші қызы Фарзона Эмомали денсаулық сақтау министрлігіне қарасты реформа, алғашқы медициналық-санитарлық көмек және халықаралық байланыс басқармасының жетекшісі болып тағайындалды.
Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, 27 жастағы Фарзона Эмомали Тәжікстан мемлекеттік медициналық университетінің емдеу факультетін және "педиатрия" мамандығы бойынша клиникалық ординатурасын аяқтаған. 2023 жылы Тәжікстан президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясына жетекшілік еткен. Осы басқармада Рахмонның қызы 2021 жылдан бері маман ретінде істеген.
Азаттықтың Тәжік қызметінің жазуынша, 2022 жылы сол кездегі бас прокурор Юсуф Рахмонның ұлы Сафархон Рахмонға тұрмыс құрған. 2025 жылы қаңтарда Юсуф Рахмон қызметінен кеткен. Тәжікстан денсаулық сақтау министрлігі өзінің ресми хабарламасында Фарзон Эмомалидың тұрмыста еместігін және бір бала тәрбиелеп отырғанын жазған.
Эмомали Рахмонның 9 баласы бар: жеті қыз, екі ұл. Бірнешеуі түрлі мемлекеттік қызмет атқарады. Рустам Эмомали Душанбе мэрі және парламенттің жоғарғы палатасының төрағасы. Озода Рахмон 2016 жылдан бері президент әкімшілігіне жетекшілік етеді, ал Рухшона Эмомали Тәжікстанның Ұлыбританиядағы елшісі.
2023 жылы Азаттықтың Тәжік қызметі Парвина Рахмонова әкімшілік ресурстың көмегімен алты жыл ішінде дәрі-дәрмек нарығында жетекші компанияға айналған коммерциялық мекемеге жетекшілік ететінін жазған. Зарина Рахмон коммерциялық "Ориёнбанк" басқарма төрағасының орынбасары. Тахмина Рахмонова – "Әуе хабарламалары агенттігі" компаниясының құрылтайшысы. Журналистердің дерегінше, компания Тәжікстандағы авиабилеттер нарығын бақылайды.
Адам құқығы бюросы: билікті сынап жүрген белсенді 7 жыл түрмеге кесілді

11 тамызда Орал соты азаматтық белсенді Жандарбек Башановты 7 жыл түрмеге кесті. Оған "алауыздық қоздыру" (174-бап, 1-бөлігі) және "терроризмді насихаттау" баптары (256-бап, 2-бөлігі) бойынша айып тағылған. Бұл жөнінде Адам құқығын қорғау бюросы хабарлады.
Азаттық сот порталынан үкімнің өзін таба алмады, онда тек аралық кездегі құжаттар ғана жарияланған. Белсендіге тағылған айыптардың жай-жапсары белгісіз.
Адвокат Салауат Беркалиевтің Азаттыққа айтуынша, Башановтың әлеуметтік желідегі жазбаларына сараптама жүргізіліп, ондағы жазбалар "алауыздық қоздырады" деген қорытынды жасалған. Ал Башанов өзіне тағылған айыптармен келіспейді. Ол үкімге апелляция түсіретінін айтты. Айтуынша, Башанов желіде елдегі саяси жағдай, "теріс ағымдарды сынап" жазба жариялаған.
Бюроның хабарлауынша, Башанов биыл 21 наурызда қоқысты шығармақ болып, үйінен шығып бара жатқан кезде ұсталған. Содан бері тергеу изоляторында отырған.
Бұған дейін Башановты полиция "бейбіт наразылықтарға қатыспақ болғаны үшін" талай рет ұстап, әкімшілік жазаға тартқан.
2023 жылы оған "тыйым салынған ұйымның ісіне араласқаны үшін" бостандығын шектеген.
"Башановқа қатысты бұрынғы қылмыстық істі қозғауға Қазақстанда қылмыс ретінде жиі бағаланатын азаматтық позициясын білдіру жағдайлары негіз болды. Бұған «ҚДТ ("Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын Астана соты "экстремистік ұйым" деп танп, қызметіне тыйым салған, ал Еуропарламент оны "оппозициялық ұйым" деп атаған - ред.) белсенділерінің» телеграм-чатына қосылуы, билікті сынайтын видеомәлімдемелер, наразылық акцияларына қатысу талпынысы және ең «қорқыныштысы» - «№1 мемлекеттің жауы» Мұхтар Әблязовті қолдау" кіреді. Қазақстандық құқық қорғаушылардың сараптамалық кеңесі оны тергеу изоляторында отырған кезінде саяси көзқарасын білдіргені үшін қудаланған саяси тұтқындар тізіміне енгізген" деп жазды Адам құқығы бюросы.
Адам құқығы бюросы жазбасында қазір Қазақстанда оппозициялық "ҚДТ мен "Көше партиясын" жақтаған азаматтық белсенділерді ұстау мен сот процестерінің жаңа толқыны" пайда болғанын атап өткен. Ресми Астана елде саяси қудалау барын жоққа шығарады.
Қазіргі кезде қазақстандық құқық қорғаушылар 30 шақты адамды саяси тұтқын деп таныған, тізім толығып жатыр.
Берденовтің соты: куәгер сотталушы Жиембайды жұмыстан шығару жоспары болғанын растады

Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған “қастандық ісі” бойынша сотта куәгер ретінде жауап берген құрылыс басқармасының құрылыс нысандарын бақылау бөлімінің жетекшісі Аманғали Кенжебеков сотталушыны жұмыстан шығару жоспары болғанын растады.
Informburo жазуынша, 21 сәуірде оған басқарма жетекшісінің орынбасары хабарласып, Ернар Жиембай қызметтен кету туралы өтініш жазғанын-жазбағанын сұраған. Ол кезде Жиембай әкімдікке қарасты “Тұрғын үй Шымкент” компаниясының директоры болған. Қоңыраудан кейін Кенжебеков Жиембайға хабарласқан.
“Ернар “маған бір ай уақыт берді ғой, неге бұлай істеді? деп жауап берді. Оған дейін Жиембайдың қандай да бір ереже бұзғанын байқамадым” деді Кенжебеков.
Куәгердің сөзінше, Жиембайды қызметке тағайындау немесе қызметтен босату құқығына басқарма бастығы ие және Берденовте оны жұмыстан шығару құқығы болмаған.
Бұл іс бойынша сот 6 тамызда Шымкентте басталған. Іс бойынша Шымкент әкімдігіне қарасты "Тұрғын үй Шымкент" компаниясының бұрынғы директоры Ернар Жиембайға "Адам өлтіруге оқталу" бабы бойынша айып тағылған. Ол Берденовті өлтіруге оқталғанын жоққа шығарады.
6 тамызда Ернар Жиембай сотта “қызғаныштан” эмоцияға беріліп, оқ атқанын, әйелінің Берденовпен жазысқанын көргенін, Берденовтің жұмыста дөрекілік танытып, намысына тиетін сөздер айтқанын жеткізген.
Ізінше Берденов сотталушының айтқандарын толық жоққа шығарып, "манипуляция" деп атаған. "Қақтығыстың түп-төркіні - кәсіби, қызметтік сипатта. Жауапкер келісім аясындағы жұмысын адал атқарғысы келмеді, есеп беруден жалтарды. Мен тек ашықтық пен міндеттемелердің орындалуын талап еттім" деп жазды Берденов желідегі парақшасында.
Ол денсаулығына байланысты сотқа бара алмағанын айтты.
Шымкент әкімінің орынбасары 40 жастағы Руслан Берденовке сәуір айында "қастандық жасалып", оқ тиген шенеунікке шұғыл ота жасалған еді. Оқиғаға не түрткі болғаны белгісіз.
Мамыр айында Берденов жағдайы тәуірлеп, қалыпты өмірге дайын екенін мәлімдеген. Маусымның соңында Respublica партиясының тең төрағасы қызметінен кеткені белгілі болды.
Қазақстан аумағында Starlink интернетін пайдалану қызметі іске қосылды

Бүгіннен бастап Қазақстан аумағында Starlink интернетін пайдалану қызметі іске қосылды. Бұл жөнінде цифрлық даму министрлігі хабарлады.
"Starlink технологиясы шалғай және қолжетімділігі қиын аймақтарда да тұрақты интернет қосылуын қамтамасыз етіп, халыққа заманауи цифрлық сервистерді пайдалануға мүмкіндік береді" деп жазылған хабарламада.
Маусым айында Қазақстан цифрлық даму министрлігі мен Starlink компаниясы "Starlink компаниясы қызмет көрсету барысында Қазақстан заңнамасын толық сақтау жөнінде" келісімге қол қойған.
Десе де, Starlink жабдықтары мен абоненттік төлем қымбат болады деген болжам айтылады. starlinkinsider.com мәліметінше, Моңғолияда ай сайынғы абоненттік төлем құны – 27 мың теңге. Жабдықтары жеткізуді есептегенде 243 мың теңге.
Starlink те X желісінде Қазақстан аталған жүйеге қосылғанын хабарлады.
Америкалық кәсіпкер Илон Масктің SpaceX компаниясының спутниктік интернеті көптеген елдерде істеп жатыр.
SpaceX компаниясының Starlink ғаламдық жүйесі шалғай елдімекендерді, ашық теңіздегі кемелерді интернетпен қамтамасыз ету үшін және автократ режиміндегі елдерде ақпарат цензурасыз таралуы үшін құрылған. Осы мақсатта SpaceX Жер орбитасына шамамен 2300 спутнигін ұшырған. Желінің қызметін қолдану үшін станциядан бөлек терминал керек.
Зеленский: Украина әскері Донецк және Луганск облыстарынан кетпейді

"Украина әскері Донецк және Луганск облыстарының өздері бақылап отырған аумағынан кетпейді” деп мәлімдеді Украина президенді Владимир Зеленский сейсенбі күні кешке журналистермен кездесу кезінде.
“Донбастан кетпейміз – оған жол бере алмаймыз. Біздің жерімізді заңсыз тартып алды. Донбасты орыстарға беру – болашақтағы шабуылдарға плацдарм болмақ. Егер Донбастан өз еркімізбен кетсек немесе бізге қысым жасаса – үшінші соғысқа жол ашылады” деді Зеленский.
“Әрине, Американың ұстанымын көргім келген. Біздің жерімізді басып алады, украиндарды өлтіреді, одан кейін «әрі қарай сіздерді өлтірмесін десеңіздер, кетулеріңіз керексіздер” дейді. Донецк облысынан кету керек пе? Қандай ымыра болды? НАТО, ЕО құрамына енеміз бе? Ертең соғыс қайта басталмайтындығына және Путин кемінде Днепр, Запорожье мен Харьковты басып алуға талпынбайтындығына кепілдік беретін ештеңе естіген жоқпыз. Ол Американың екі президенті тұсында екі рет соғыс бастады, үшінші соғысты бастамайтындығына не кедергі?” деді Зеленский.
Сейсенбі күні Зеленский Киев АҚШ пен Ресейдің Аляскадағы кездесуі кезінде қабылданатын шешімді мойындамайтынын айтқан. Украина президентінің сөзінше, Дональд Трамп пен Владимир Путиннің кездесуі АҚШ пен Ресейдің екіжақты қатынасы үшін ғана маңызды. Бұл кездесудің өзін Зеленский Путиннің “жеке жеңісі” деп атады.
“Украина мәселесін Украинасыз тақылау мүмкін емес және оны ешкім де қабылдамайды” деді ол.
Владимир Зеленскийдің айтуынша, үкімет пен қарулы күштеріне кемінде 22-ге толған ер адамдардың елден шығуына тыйым салатын ережені алып тастау мәселесін қарастыруды тапсырғанын айтты.
Ресей соты Крым.Реалии тілшісін сырттай қамауға алды

Ресей аннексиялап алған Қырымда сот Азаттықтың Украин қызметінің жобасы Крым.Реалии тілшісі Алексина Дороганды сырттай екі айға қамауға алды. Оған 20 жыл түрме қаупі төніп тұр.
Дороганның сөзінше, қылмыстық қудалау жөнінде биыл 11 тамызда естіген. Оның айтуынша, Қырымдағы пәтерінің пошта жәшігіне сырттай қамау туралы шешімге қатысты апелляция жөнінде хат келген. Материалдарды Ресей соты тағайындаған адвокат жіберген.
Мемлекеттік адвокаттың хатындағы мәліметке қарағанда, сырттай қамау туралы сот шешімі 2025 жылдың 23 маусымында шыққан. Журналистке қандай бап бойынша айып тағылғаны айтылмаған. Бірақ онда мұндай қылмыс үшін "20 жыл түрме жазасы" қарастырылғаны жазылған, істі ФСБ тергеушісі жүргізіп жатыр.
Сот ресурсындағы мәліметтерге қарағанда Дороганға қарсы "Ресейдің мүддесіне қайшы заңсыз әскери қарулы топ құру немесе оған қатысу" (Ресей Қылмыстық кодексінің 208-бабы) бабы бойынша іс қозғалған. Қырымның Жоғарғы соты шешімді күшінде қалдырды.
Ресей билігі Крым.Реалии тілшісін "террористер мен экстремистер" тізіміне енгізген.
Алексина Дорогань – Украинада қаза болған Қырымда тұрған ресейлік әскери қызметкерлер туралы негізгі зерттеулердің авторы, "Груз 200" дерекқорын құрастырушы. Ол аннексияланған Қырымнан 2014 жылы тамызда кеткен. Ресей билігі Қырым тұрғындарына тықпалаған Ресей төлқұжатынан да бас тартқан.
«Хочу жить»: Орталық Азия елдерінің мыңнан астам азаматы шарт мерзімі бітсе де, Украинада Ресей жағында соғысып жатыр

Ресей қорғаныс министрлігімен жасасқан шарт мерзімі аяқталғанына қарамастан Орталық Азия елдерінің 1257 азаматы Украинада Ресей әскері қатарында соғысып жатыр. Бұл жөнінде Украинаның мемлекеттік "Хочу жить" жобасы хабарлады.
12 тамызда жоба шарт мерзімі аяқталғаннан кейін де Ресей әскері жібермей жатқан өзге ел азаматтарының рейтингісін жариялады. Бірінші орында Өзбекстан тұр: жоба мәліметінше 426 өзбек азаматы мерзімі өтіп кеткен келісімшартпен Ресей қарулы күштері қатарында жүр.
Ресей әскері қатарында келісімшарт мерзімі аяқталған 367 тәжік, 241 қазақстандық, 155 қырғыз азаматы және 68 түркімен азаматы бар.
"Ресей қорғаныс министрігімен шарт жасасу – бірбағытты билетпен пара-пар. Ресей келісімшарты аяқталған шетел жалдамалыларын жібермей жатыр. Дереккөздеріміз арқылы әлемнің 86 елінен Ресей қарулы күштерімен келісімшарттары біткен, бірақ автоматты түрде ұзартылатын 3000-нан астам шетелдік жалдамалылардың аты-жөні туралы ақпарат пен тізім алдық. Осы жалдамалылар Ресей әскерінен заңды түрде кетеміз деп үміттенген болса, мұны қабірде немесе аяқ-қолдан айырылған кезде жасайды" деп жазды "Хочу жить" жобасы.
Орталық Азия аймағынан мыңдаған еңбек мигранты Украинаға қарсы соғысқа күштеп жіберілген немесе жолақы жалақы төлейміз деген уәдемен аттандырылған деп жазды құқық қорғаушылар. Бұған қоса, Орталық Азия елдерінен барған, 2022 жылдың ақпанына дейін Ресей төлқұжатын алған тағы мыңнан астам адам мобилизацияланған немесе шарт жасасқан.
Биыл мамырда Петербург форумы кезінде Ресей тергеу комитетінің жетекшісі Александр Бастрыкин қандай да бір себеппен Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстанда тұрғысы келмейтін шамамен 20 мың азаматтар майданда алдыңғы шепте соғысып жүр деп мәлімдеген.
Киевтің айтуынша, Орталық Азиядан барған ер адамдар ылғи жаяу әскеріне жіберіледі, ал олар қанды штурмдар кезінде пайдаланылады.
Орталық Азия елдерінде шетелдегі қақтығыстарға қатысу қылмыс болып саналады, бірақ соғысқа қатысқандардың кейбірі ғана қылмыстық жауапкершілікке тартылады немесе 4-5 жылға дейін жаза алады.
Ресей мигранттардың балаларын тегін орта білімнен айыруы мүмкін

Ресей Мемлекеттік думасында түрлі фракцияға мүше депутаттар тобы мигранттардың балаларын тегін орта білімнен айыратын заң жобасын ұсынды. Жоба бойынша, шетел азаматтарының балалары ақылы оқуға тиіс. Бұл туралы "Коммерсантъ" басылымы хабарлады.
Заң жобасын ұсынған депутаттар қатарында ЛДПР партиясынан шығарылған Ярослав Нилов, "Справедливая Россия - За правду" партиясының мүшесі Яна Лантратова және КПРФ мүшесі Нина Останина бар.
Жоба "Білім туралы заңға" түзету енгізуді көздейді.
Депутаттар бүгінде Ресей мектептерінде 181 мың мигрант баласы оқитыны және олардың көбі "орыс тілін жетік білмегендіктен сабақ оқуда қиналатынын", сол себепті мұғалімдер оларға көбірек көңіл бөлуге мәжбүр екенін айтады. Олардың сөзінше, орта мектептерде мигрант балаларының саны артқандықтан, оқушыларға орын жетіспей, мұғалімдерге артық салмақ түсіп жатыр.
Ресей ағарту министрлігі бұл бастамаға қарсы шықты. Министрліктің жалпы білім беру департаментінің директоры Александр Реут мәлімдеме жасап, шетел азаматтарының балаларына мектептерде тегін білім алуға тыйым салу Ресей конституциясына қайшы келеді деді.
Биыл маусымда Ресей депутаттары мектептерді ішкі істер министрлігіне мигрант балалары мен олардың ата-аналары жөнінде есеп беруге міндеттейтін заң жобасын қабылдағаны хабарланған. Палата төрағасы Вячеслав Володин бұл заң жобасы заңсыз мигранттар мен олардың мектепке бармаған балаларын анықтауға мүмкіндік береді деген.
2024 жылғы наурызда Мәскеудегі "Крокус Сити Холл" концерт залында болған терактіден кейін Ресей президенті Владимир Путин көші-қон саясатын қайта қарауды тапсырған. Полиция тәжік азаматтарын терактіні ұйымдастырды деп күдікке алған. Мемлекеттік дума көші-қон саясатын күшейтетін кемі 13 заң қабылдаған. Шетел азаматтарының Ресейде визасыз болу мерзімі екі есе қысқартылып, елден кетіру тәртібі іске қосылды. Сондай-ақ, бақылауға алынған азаматтардың арнайы тізілімі пайда болып, полицияның мигранттарды тінтуі көбейді.
АҚШ депортациялаған 25 қырғыз азаматы Бішкекке жеткізілді

АҚШ көші-қон заңын бұзды деп айыпталған 25 қырғыз азаматы 9 тамыз күні арнайы рейспен Бішкекке жеткізілді. Бұл туралы Қырғызстан сыртқы істер министрлігі хабарлады.
Қырғыз сыртқы істер министрлігінің мәлімдеуінше, енді бұл азаматтарға АҚШ есігі 5, 10, 15 жылға немесе өмір бойына жабылмақ.
"Елге заңсыз түрде қайта кіру әрекеті қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін. Осыған байланысты, АҚШ-та заңсыз жүрген Қырғыз Республикасының азаматтарын елден өз еркімен кету мүмкіндігін қарастыруға шақырамыз" делінген сыртқы істер министрлігінің хабарламасында.
Бұған дейін Қырғызстанның АҚШ-тағы елшісі Айбек Молдоғазиев АҚШ 45 қырғыз азаматын депортациялау туралы шешім қабылдағанын хабарлаған. Осыған орай, елші отандастарына үндеу жолдаған.
"Елшілік Америка Құрама Штаттарында тұратын Қырғызстан азаматтарын АҚШ-тың көші-қон заңнамасын қатаң сақтаудың маңыздылығын білуге және оларды қатаң сақтауға шақырады. АҚШ ішкі қауіпсіздік департаментінің мәліметі бойынша, кейінгі жылдары Қырғызстан азаматтары визалық режимді жиі бұза бастаған. Біз барлық отандастарды визалық режимді қатаң сақтауға шақырамыз" деді ол.
Шілде айында АҚШ Мемлекеттік департаменті бірқатар елдің, соның ішінде Қырғызстанның азаматтарына берілетін иммиграциялық емес визалардың жарамдылық мерзімін қысқартқанын хабарлады. Онда бұл шешімнің президент Дональд Трамптың "АҚШ-ты шетелдік лаңкестер мен басқа ұлттық және қоғамдық қауіптерден қорғау" жарлығына сәйкес қабылданғаны атап өтілді.
Оған сәйкес, бұрын B-1/B-2 визалары Қырғызстан азаматтарына он жылға дейінгі мерзімге берілсе, енді бұл мерзім үш айға дейін қысқартылды және бұл виза АҚШ-қа бір ғана рет кіруге мүмкіндік береді.
Маусымның басында Дональд Трамп 12 елдің азаматтарына АҚШ-қа келуге тыйым салып, 7 елдердің азаматтарына шектеу енгізді. Маусымның ортасында Трамп тағы 36 елдің азаматтарына АҚШ-визасын беруге тыйым салуды қарастырып отырғаны, бұл елдердің ішінде Қырғызстан да бары хабарланды. Осыдан кейін Қырғызстан сыртқы істер министрлігі АҚШ-тың Бішкектегі елшілігімен келіссөз жүргізді.
"Бағанашыл" балалар үйіндегі дау: үш шенеунік қызметінен қағылды

Алматыдағы балалар үйінің тәрбиеленушілерін Қонаев қаласына күштеп көшіру кезінде болған даудан кейін Алматы облысы әкімінің орынбасары мен облыстағы екі басқарманың жетекшісі қызметінен алынды. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Ақпарат агенттігінің хабарлауынша, лауазымынан босатылғандар – Алматы облысы әкімінің орынбасары Болат Күреңбеков, білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева және ішкі саясат басқармасының басшысы Ерік Әбітов.
Болат Күреңбеков Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметіне былтыр тамызда тағайындалған. 2021 жылдан бері ол Қостанай облысында Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің басшысы болған. Қызметін 2000 жылы бастаған Күреңбеков түрлі жылдары Павлодар, Алматы облыстарында, Алматы, Астана қалаларында Ұлттық қауіпсіздік комитетінде басшылық қызметтерін атқарған.
Алматыдағы "Бағанашыл" балалар үйіндегі тәрбиеленушілерді Қонаев қаласына көшіру бастамасына балалар наразы екені наурыз айында мәлім болған. 21 шілде күні көшіру кезінде балалар полиция қызметкерлеріне қарсылық танытып, оқиға орнынан түсірілген кадрлар қоғам наразылығын тудырды да, жағдайға Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев араласты. Президент баспасөз хатшысы Руслан Желдібай президент тапсырмасымен балалар үйі Қонаевқа көшірілмейтінін, оның Алматы қаласы балансына өтетінін хабарлады. Осыдан кейін бұл дауға жол берген лауазымды тұлғалар жөнінде тексеріс басталған.
Сорбұлақтағы тікұшақ апаты: үшінші адамның сүйегі табылды

Сейсенбі, 12 тамыз күні Алматы облысындағы Сорбұлақ су қоймасынан апатқа ұшыраған тікұшақтың үшінші экипаж мүшесі Аман Амангелдінің мәйіті табылды. Бұл туралы қорғаныс министрлігі хабарлады.
"12 тамыз күні экипаж командирінің көмекшісі капитан Аман Нұрланұлы Амангелдінің денесі табылды. Тәжірибелі ұшқыш, күрделі метеорологиялық жағдайларда бірнеше мәрте ұшып жаттыққан. Түрлі ауқымдағы жаттығулар мен операцияларға қатысқан. Жоғары орындаушылық тәртібімен және мінсіз қызметтік беделімен ерекшеленген. EC-145 тікұшағындағы ұшу уақыты – 295 сағат" деді министрлік Telegram-арнасында.
Бұған дейін оқиға орнынан экипаж командирі майор Нұржігіт Үйсінбаев пен борт технигі капитан Бақтияр Ержігітовтің сүйегі табылған.
Қорғаныс министрлігіне қарасты ЕС-145 әскери тікұшағы 25 шілде күні Алматы облысы аумағында хабар-ошарсыз кеткен. Кейінірек тікұшақ сынықтары Алматы облысындағы Сорбұлақ су қоймасынан табылып, құтқарушылар экипаж мүшелерін осы су қоймасынан іздеуге кіріскен.
Нұржігіт Үйсінбаев 10 тамыз күні Түркістан облысы Төлеби ауданындағы Сұлтанрабат ауылының зиратына, Бақтияр Ержігітов Павлодар облысында жерленді.
ПІКІРЛЕР